Экс-чемпионның банктік шоттарына қайтадан шектеу қойылуы мүмкін
UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедовқа қатысты тағы бір қаржылық дау шықты.
Telegram-арналардың мәліметінше, ресейлік спортшы Роскомнадзорға 300 мың рубль көлемінде міндетті төлем қарыз. Бұл шамамен 1,9 миллион теңгені құрайды.
Ақпаратқа сәйкес, Нурмагомедов интернеттегі жарнаманы таратуға байланысты міндетті аударымдарды уақытында төлемеген. Соның салдарынан экс-чемпионның банктік шоттарына қайтадан шектеу қойылуы мүмкін.
«Интернеттегі жарнаманы тарату үшін міндетті төлемдер қарастырылған. Бұл қаражат Роскомнадзорға аударылуы тиіс. Хабиб бұл төлемдерді жасамаған. Сондықтан оның шоттары тағы да бұғатталуы болуы мүмкін», — деп жазады Telegram-арна.
Әзірге Хабиб Нурмагомедовтың өзі бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, 2024 жылы Ресейдің Федералдық салық қызметі UFC-дің бұрынғы чемпионының банктік шоттарын бұғаттаған еді. Кейін спортшыға 79,3 миллион рубль көлеміндегі салық қарызына байланысты атқарушылық іс қозғалғаны белгілі болды.
Алайда біраз уақыттан кейін Нурмагомедов барлық қарызын өтеп, оның шоттары қайта ашылған. Соған қарамастан, 2025 жылдың сәуір айында Ресейдің Федералдық салық қызметі Хабибтің банктік шоттарын тағы да бұғаттаған болатын.