Азамат Бақытов Лас-Вегаста өткен UFC BJJ 8 турнирінде өнер көрсетті
Қазақстандық файтер Азамат Бақытов UFC BJJ турнирінде өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық атанды.
Тарихи дебют Лас-Вегаста өткен UFC BJJ 8 турнирінде жүзеге асты. Орта салмақта бақ сынаған Азаматтың қарсыласы австралиялық спортшы, қара белбеу иегері Томас Дэвид болды. Бұл жекпе-жек екі спортшы үшін де лигадағы алғашқы кездесу еді.
Тартысты өткен белдесу тең нәтижемен аяқталды. Турнир ұйымдастырушылары қазақстандық файтердің өнеріне жоғары баға берді.
Айта кетейік, UFC BJJ – 2025 жылдың маусым айында іске қосылған UFC-дің сабмишн-грэпплинг бағытына арналған арнайы лигасы. Азамат Бақытов осы жобаға келісімшартқа отырған Қазақстан мен ТМД елдерінен шыққан алғашқы спортшы болып отыр.
Азамат Бақытов ММА-де әлі бірде-бір рет жеңіліп көрмеген, оның еншісінде тоғыз жеңіс бар. Сонымен қатар ол күрес стиліне қарамастан үздіктер анықталатын Nomad Wrestling гран-приінің екі дүркін чемпионы саналады.