Бір топ заңгер федералдық сотқа жүгініп, турнирді өткізуге тыйым салуды талап етті
АҚШ-та Ақ үй аумағында өтеді деп жоспарланған UFC Freedom 250 турниріне қатысты дау шықты. Бір топ заңгер федералдық сотқа жүгініп, турнирді өткізуге тыйым салуды талап етті.
ESPN мәліметінше, талап арызды қоғамдық мүдделерді қорғаумен айналысатын Public Integrity Project ұйымы берген. Ұйым өкілдері АҚШ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық парктер қызметі федералдық заңнаманы бұзып, Ақ үйдің оңтүстік көгалында жеке спорттық шара өткізуге рұқсат берген деп есептейді.
Талапкерлердің пікірінше, турнирді ұйымдастыру үшін UFC октагонының уақытша құрылымын орнату жоспарланған. Алайда мұндай жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсаттар мен қосымша келісімдер қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар арызда жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалайтын міндетті экологиялық сараптаманың жүргізілмегені де айтылған.
Ұйымның жетекші заңгері Брендан Баллоу ұлттық маңызы бар нысанды жеке коммерциялық іс-шара үшін пайдалануды заң талаптарына қайшы деп бағалады.
Осыған байланысты 7 маусым күні сотқа турнирді уақытша тоқтату жөнінде шұғыл өтініш берілген. Сот бұл мәселе бойынша шешімді алдағы күндері шығаруы мүмкін.
Айта кетейік, UFC Freedom 250 турнирі 15 маусымға қараған түні Вашингтонда, Ақ үй аумағында өтуі тиіс. Кештің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Илия Топурия уақытша чемпиондық белбеу иегері Джастин Гэтжимен кездеседі деп жоспарланған.
Ал қосалқы басты айқаста ауыр салмақтағы уақытша чемпиондық атақ үшін бразилиялық Алекс Перейра мен франциялық Сирил Ган октагонға шығуы керек.
Енді турнирдің тағдыры соттың шешіміне байланысты болмақ. Егер талапкерлердің өтініші қанағаттандырылса, UFC тарихындағы ең ерекше турнирлердің бірі өтпей қалуы мүмкін.