Жарнама
Жарнама

«Көзім мүлде көрмей қалды»: Жалғас Жұмағұлов даулы жекпе-жектен кейінгі жағдайын айтты

Редактор
Бүгін, 09:41

Жұмағұловтың айтуынша, қарсыласының саусағы көзіне тиген

©x.com/OktagonOfficial

Қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов Словакияның Братислава қаласында өткен Oktagon 89 турниріндегі даулы жекпе-жектен кейін денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады.

Жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін өткен кездесуде қазақстандық файтер бразилиялық Игор Севериномен күш сынасқан болатын. Алайда жекпе-жек екінші раундта мерзімінен бұрын тоқтатылып, нәтижесі есепке алынбады.

Жұмағұловтың айтуынша, қарсыласының саусағы көзіне тиіп, сол сәттен бастап көру қабілетінде күрделі мәселелер пайда болған.

«Көпшілік айтып жүргендей, ешқандай нокдаун болған жоқ. Қарсыласым көзіме саусағын сұғып алды. Содан кейін көзім қосарланып көре бастады. Торға қарай шегініп, жекпе-жекті тек тәжірибем мен мінезімнің арқасында жалғастырдым», – деді қазақстандық спортшы.

Файтердің сөзінше, жағдай жекпе-жектен кейін одан әрі ушыға түскен.

«Қазіргі таңда оң көзім мүлде көрмейді. Бұл уақытша жағдай ма, әлде салдары ауыр жарақат па – оны алдағы тексерулер көрсетеді. Бірақ дәл қазір оң көзімнің көру қабілетін жоғалттым», – деп жазды Жұмағұлов.

Сондай-ақ ол қарсыласының әрекетін спорттық этикаға жатпайтын, спортшы денсаулығына елеулі қауіп төндіретін жағдай ретінде бағалады. Оның пікірінше, мұндай оқиғаларға ұйымдастырушылар мен жауапты тұлғалар тиісті назар аударуы тиіс.

Еске салайық, Жалғас Жұмағұлов Oktagon 89 турнирінде екінші чемпиондық белбеуін жеңіп алуға мүмкіндік алған еді. Алайда екінші раундта Игор Севериноның тыйым салынған соққысынан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Нәтижесінде кездесу өтпеді деп танылып, екі спортшы да өз титулдарын сақтап қалды.

Реклама
Реклама

Материалда: