Тарасов төрешінің шешімімен келіспейтінін ашық айтты
Ресейлік блогер әрі файтер Артем Тарасов IBA Nomad 15 турнирінде қазақстандық Еркебұлан Тоқтардан жеңілгеннен кейін жекпе-жектің нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
Кездесу аяқталған соң Тарасов қарсыласын жеңісімен құттықтағанымен, төрешінің шешімімен келіспейтінін ашық айтты. Оның пікірінше, жекпе-жек мерзімінен бұрын тоқтатылған.
«Еркебұлан Тоқтар, жеңісің құтты болсын! Бірақ төреші жекпе-жекті тым ерте тоқтатты деп есептеймін. Біз ММА ережесі бойынша жұдырықтасуға келіскен едік, сен бұл ұсынысты қабылдадың. Ендеше, сол жекпе-жекті өткізетін уақыт келді.
Тағы бір нәрсе, саған сыйламақ болған брелокты беруді ұмытып кеттім. Келесі жекпе-жекте міндетті түрде табыстаймын. Еркебұлан Тоқтар, Артем Тарасов және Қазақстандағы поп-ММА — бастайық!» – деді ресейлік файтер.
Осылайша, Артем Тарасов қазақстандық спортшыға реванш ұсынып, бұл жолы аралас жекпе-жек (ММА) ережесі бойынша күш сынасқысы келетінін жеткізді.