Ол бәске тігілген ақшаны иелеріне қайтару керек деп отыр
Ирландиялық файтер Конор Макгрегор UFC 329 турнирінде америкалық Макс Холлоуэйге қарсы өткен жекпе-жектің нәтижесін жарамсыз деп тануды талап етті.
Спортшының айтуынша, кездесу барысында алған ауыр жарақатына байланысты бұл айқас «no contest» (нәтижесі есептелмеген жекпе-жек) ретінде тіркелуі тиіс.
«Бірер сөз. Ертең аяғыма жасалған тексерудің нәтижесін аламын. Бұл жекпе-жек “no contest” деп танылып, барлық бәске тіккен ақша иелеріне қайтарылуы керек», – деп жазды Макгрегор әлеуметтік желіде.
Еске салайық, UFC 329 турнирінің басты жекпе-жегі 11 шілдеде Лас-Вегастағы T-Mobile Arena кешенінде өтті. Макгрегор алғашқы раундтың небәрі 69-секундында техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.
Бұл қос файтердің реваншы олардың 2013 жылғы алғашқы кездесуінен кейін шамамен 13 жылдан соң өтті. Жекпе-жек барысында Макгрегор секіріп тепкен соққыдан кейін оң тізесін ауыр жарақаттап алды. Осыдан кейін төреші айқасты бірден тоқтату туралы шешім қабылдады.