Жалғас Жұмағұлов UFC-мен алғашқы келісімшартын 2020 жылы жасаған
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері, Oktagon лигасының қазіргі чемпионы Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралу жоспары туралы мәлімдеме жасады.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жыл соңына дейін әлемнің ең беделді промоушенінде қайта жұдырықтасуға үміттенетінін жеткізді.
«Ұнай ма, ұнамай ма, бірақ мен UFC-ге ораламын. Иншаллах. Жыл соңына дейін. Уақыт көрсетеді», – деп жазды Жұмағұлов.
Жалғас Жұмағұлов UFC-мен алғашқы келісімшартын 2020 жылдың ақпанында жасаған болатын. Ұйым сапында жеті жекпе-жек өткізіп, бір жеңіске жетіп, алты рет жеңіліс тапты.
2023 жылдың шілдесінде UFC-ден кеткеннен кейін қазақстандық файтер Oktagon MMA лигасына ауысты. Мұнда ол аса жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді жеңіп алып, кейін UFC-дің бұрынғы спортшысы Давид Дворжакқа қарсы кездесуде титулын сәтті қорғады.