Фарид Ядуллаев Еркебұлан Тоқтармен екі жекпе-жек өткізген
Қазақстандық жанкүйерлерге Еркебұлан Тоқтармен болған екі жекпе-жегі арқылы таныс ресейлік поп-ММА файтері Фарид Ядуллаевқа қатысты сот үкімі шықты.
Мәскеудің Мещан аудандық соты 28 жастағы спортшыны психотроптық заттарды ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Ресейдің Қылмыстық кодексінің 228-бабының 2-бөлігі бойынша іс қаралған.
Биыл мамыр айында Ядуллаев құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған. Тінту барысында одан жасырын орыннан алынған салмағы 1,45 грамм амфетамин табылған.
Сот отырысында файтер өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Нәтижесінде оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалып, 4 жыл сынақ мерзімі белгіленді.
Фарид Ядуллаев Қазақстанда Nomad Fighting лигасында Еркебұлан Тоқтармен өткізген жекпе-жектері арқылы танылған.
Алғашқы кездесу 2023 жылдың маусымында Алматыда бокс ережесі бойынша ММА қолғаптарымен өтті. Сол жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Ядуллаев жеңіске жетті.
Ал 2024 жылдың қарашасында өткен реваншта спортшылар жалаң жұдырықпен жұдырықтасты. Бұл жолы Еркебұлан Тоқтар қарсыласын бірінші раундтың 47-секундында нокаутқа жіберіп, сенімді жеңіске жетті.