Эдуард Базров Қазақстандағы ММА файтерлерінің гонорары туралы айтты
DAR Pro Team командасының бас жаттықтырушысы Эдуард Базров Қазақстандағы ММА файтерлерінің гонорары қаншаға жететінін айтты.
Маманның сөзінше, отандық промоушендерде танымал спортшылар бір жекпе-жек үшін 50–100 мың долларға дейін таба алады. Алайда нақты төлем әр файтердің деңгейі мен танымалдығына байланысты белгіленеді.
Базров шәкірттерінің гонорарын сұрамайтынын атап өтті. Оның айтуынша, келісімшарттағы қаржылық шарттар - әр спортшының жеке ақпараты.
«Қазақстанда табыс табуға болады. Файтерлер мұндай ақша алып жүр. Бір жекпе-жек үшін ең көбі 50–100 мың доллар табуға мүмкіндік бар. Бұдан жоғары гонорар туралы естіген емеспін. Оның өзінде бұл - өте үлкен сома», - деді жаттықтырушы журналист Иван Резванцевке берген сұхбатында.
Сонымен бірге ол Қазақстандағы гонорарларды UFC-дегі төлемдермен тікелей салыстыру дұрыс емес екенін айтты. Өйткені әлемдегі ең беделді ММА ұйымында қатардағы файтерлер мен чемпиондық белбеуге таласатын спортшылардың табысы айтарлықтай ерекшеленеді.
«UFC-дің жоғары деңгейінде бір жекпе-жек үшін миллиондаған доллар төленеді. Мұндай ақшаны басқа лигаларда табу іс жүзінде мүмкін емес», - деді Базров.
Маман өз командасындағы Фаниль Рафиковтің де алдағы жекпе-жегі үшін жақсы гонорар алатынын жеткізді. Дегенмен оның табысы UFC рейтингіндегі үздік ондыққа кіретін файтерлердің орташа төлемінен төмен болмақ.