«Ол – Джеймс Бондтағы залым»: Джек Маддалена Шавкат Рахмоновтың жауабына разы болды

Редактор
19.03.2024, 12:24

Ол рейтингте бесінші сатыда, Шавкат үшінші сатыда тұр

UFC

Аралас жекпе-жектен аустралиялық шебер Джек Делла Маддалена (17-2) Шавкат Рахмоновпен (18-0) ертелі-кеш жекпе-жек болатынын мәлімдеді.

Оның пікірінше, екеуінің арасындағы жекпе-жекті UFC қазір қарастырып жатқан көрінеді. Болжас бойынша бұл кездесу биыл тамыз айында болуы мүмкін.

«Менің Шавкатты жекпе-жекке шақырғаным неге жұртшылықты таңдандырғанын түсінбедім. Мен оны UFC-дегі алғашқы кездесуінен бері шақырып келемін. Үнемі бақылап отырам, ол жас, екеуміз қатармыз, ол үнемі жекпе-жектерін уақытынан бұрын аяқтайды. Бұл осы дивизиондағы ең ауыр төбелес болатынын түсінем, бірақ маған керегі осы.

UFC-ден ресми ұсыныс әлі келіп түскен жоқ. Бірақ, ол жақтағылар Шавкат екеуміздің жекпе-жегіміздің бәрібір болатынын түсінетін сияқты. Олар ыңғайлы уақытты күтіп отыр. Ал, менің ойымша, нағыз ыңғайлы уақыты қазір келіп отыр.

Шавкат Твиттерде менің шақыртуыма жауап қатты. Керемет! Ол маған Джеймс Бондтағы залымды еске түсіреді. Ал, мен – Джеймс Бондпын. Жазған жауабына разы болдым.

Шавкат тамыз айының басында октагонга оралатынын оқып қалдым. Оған дейін жарақатын емдейді. Қазір менде де жарақат бар. Бірақ, тамыз айының басына дейін қатарға қосылам», - деді Маддалена ESPN телеарнасына берген сұхбатында.

Еске салайық, Джек Маддалена биыл 10 наурызда Майамидегі UFC 299 турнирінде бразилиялық Гилберт Бернсті (22-7) уақытынан бұрын жеңді. Осыдан соң ол Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырған. Қазақ файтері болса оған қысқа әрі нұсқа жауап берді.

«Мен сенің батылдығың мен сенімді екеніңді құрметтеймін, Джек. Бірақ, сені менің бұған дейінгі қарсыластарымның тағдыры күтіп тұр», - деп жазды Ш.Рахмонов.