Федор Емельяненко украиндықтарды фашистке теңеді, ал қазақтар оған құрмет көрсетті

Редактор
05.05.2024, 17:45

Танымал спортшыға Қазақтың спорт және туризм академиясы «Құрметті профессор» деген атақ берді

скрин YouTube

Атақты ММА шебері Федор Емельяненко Ресейдің Украинада жүргізіп жатқан соғысына қатысты пікір білдірді.

Осы аптада танымал файтер Алматыға келіп, бірқатар кездесу өткізген болатын. Бұл сапарында ол «Уақыт көрсетеді» YouTube-каналына сұхбат та беріп үлгерген. Журналист одан Ресей әскері бауырлас халықты неге қырып жатқанын және оған спортшының жеке көзқарасын сұраған.

- Бойыңызда болгар, украин және неміс қаны да бар екен. Ендеше бауырлас Украинамен неліктен соғысып жатырсыздар? Осы сауалға қатысты сіздің пікіріңізді білсек.

Біз бауырлас ұлтпен емес, фашизммен, ұлтшылдармен соғысып жатырмыз. Бауырлас халықты қолдаймыз. Кез келген провослав адам үшін Украинада, екі ел арасында болып жатқан оқиға – трагедия. Әр жексенбі сайын шіркеуге барып, соғыстың тезірек тоқтауын сұрап, украин халқының көзіндегі шел алынсын деп дұға етеміз, - деді Емельяненко.

Айта кету керек, Ресейдің Украинаны атқылауы салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын, оның ішінде жүздеген кішкентай бала қаза тапты. Осы орайда Емельяненко фашист деп нақты кімді меңзегенін түсіндірмеді.

Сонымен қатар, сұхбат барысында журналист одан соғыстың Ресей спортшыларына қалай әсер еткенін де сұрады. 

Спортшыларымызға Украинадағы қарулы кикілжің емес, әлемдік қауымдастықтың ұсақ бөлшектерге бөлініп кеткені әсер еткен шығар. Себебі солардың көпшілігі дәл қазір Ресейге қарсы. Олардың қарсылығы Украинаға байланысты ғана емес, оларға біздің гендерлік бөлінушілікке, бассыздыққа жол бермейтініміз ұнамайды. Танымал комментатор Василий Уткиннің Гордонға (редакция - украиналық журналист Дмитрий Гордон) берген жауабын тыңдап көріңізші. Мен Уткинмен толықтай келісемін», - деді ол.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті, ФИФА мен УЕФА Ресей спортшыларын жарыстарға қатыстырудан бас тартқан. Оған басты себеп – Ресей әскерінің Украинада жүргізіп жатқан соғысы.

Бұдан бөлек Емельяненко «спортшының тәуелсіз болып қалуы мүмкін бе» деген сұраққа да жауап қатты:

Кім болсаң да, алдымен адам болып қалу маңызды. Арын сатпай, бюджетті жымқырумен айналысатын жүйеге айналып кетпеуі керек, - деді ол.

Осы ретте айта кету керек, Емельяненко қолдайтын Ресей билігінде жемқорлыққа қатысты дау жиі туындайды. Мәселен, тәуелсіз журналистер Владимир Путиннің Қара теңіз жағасындағы (Геленджик) зәулім сарайы мен жүздеген мың доллар тұратын яхталары бар екенін бірнеше рет көрсетті. Десе де, Кремль бұл жайттарды жоққа шығарған.

Сонымен қатар, президент маңайындағы элитаға тиесілі де шексіз байлық туралы YouTube платформасында деректі фильмдер жетерлік.

Федор Емельяненко – аралас жекпе-жектен аса ауыр салмақта түрлі дивизион бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. Ол 47 жекпе-жек өткізіп, соның 40-да жеңіске жеткен.

Алматыдағы сапары барысында Емельяненко Қазақтың спорт және туризм академиясында болып, «Құрметті профессор» деген атақ алып кетті.