Ол Шлеменконы өзінің қарсыласы емес, жемтігі санайтынын ашық айтты
11 мамырда аралас жекпе жектен қазақстандық Қуат «Найман» Хамитов пен ресейлік Александр Шлеменко арасында жекпе-жек өтетіні белгілі. Осы кездесу алдында қазақ файтері мәлімдеме жасап, қарсыласын жеңетініне сенімді екенін айтты.
Аталған жекпе-жек Ресейдің Екатеринбург қаласында өтеді. Қазір Қуат Ресейге келіп, кезекті төбелеске қызу дайындалып жатыр деп хабарлады RCC-ның баспасөз қызметі.
«Жол бойы мен Екатеринбург қаласының тарихын зерттеп келдім. Бұған дейін айтқанымдай, бұл жерде дүрбелең болады.
Қаланың тарихында 5 мамырда дәл бүгінгідей ауа райы болмаған: бұл Шлеменко үшін жаман ырым. Оған бұл жерге келмей-ақ қойғаны дұрыс. Мен бұл қалаға ұшып келгенім сол екен, жауын жауып, арты қарға ұласып кетті. Құдай сақтасын, ертең жер сілкініп кетпесін. Сондықтан Александр Шлеменкоға келудің қажеті жоқ.
Мен оны ақылдың көмегімен ұтамын: мен қумын, ақылдымын. Біз секілді аса тәжірибелі екі спортшы кездескенде, мәселені тек қара күш шешпейді, бұл жерде кім ақылды – сол жеңіске жетеді. Мен Шлеменкодан ақылдымын. Соңғы аптада спарринг алдында мен физикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да басқа адамға айналдым. Қазір Шлеменкоға жемтігіне қараған жыртқыштай қараймын», - деді Хамитов.
39 жастағы Шлеменко MMA аясында 79 жекпе-жек өткізіп, оның 63-де жеңіске жеткен. Ал, Хамитов болса 24 рет жеңіске жетіп, сегіз рет жеңілген және бір рет тең ойнаған.