Қуат Хамитов 40 жастағы орыс Александр Шлеменкодан жеңіліп қалды (ВИДЕО)

Редактор
11.05.2024, 22:39

Ол бұған дейін аталған қарсыласын еш қиындықсыз жеңуге уәде берген болатын

mma.metaratings.ru

Аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Қуат Хамитов (24-8-1) Ресейде өткен RCC 19 турнирінде 40 жастағы Александр Шлеменкодан (63-15-1) жеңіліп қалды.

Орта салмақта өткен жекпе-жек үш раундқа жоспарланған еді. Қос спортшы матчтың соңына дейін төбелесіп, жеңімпазды төрешілер анықтады. Ал, төрешілер жеңісті бірауыздан ресейлік файтерге берді.

Осылайша, Шлеменко өз мансабындағы 64-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Ал, Хамитов болса осымен тоғызыншы рет жеңілді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық файтер ресейлік қарсыласын еш қиындықсыз жеңетінін айтқан болатын. Ол өзінің қу әрі ақылды екенін, ал мұндай жекпе-жекте ақылды спортшылар ғана жеңіске жететінін мәлімдеген. Алайда, іске келгенде бәрі басқаша болып шықты.

Александр Шлеменко Ресей MMA-сының аңызы, ол Bellator титулының бұрынғы иегері. Аралас жекпе-жектен халықаралық көптеген турнирде чемпион атанған.