Хейтерлердің пікіріне түкіргенім бар – Қуат Хамитов

Редактор
16.05.2024, 17:06

Ол Ресейден мол ақша алып келгенін айтты

instagram.com/kuat__khamitov

Өткен аптада ресейлік аралас жекпе-жек шебері Александр Шлеменкодан жеңілген қазақстандық файтер Қуат Хамитов біраз сынға ұшырады. Хамитовтің өзі Prosports.kz сайтына берген сұхбатында бұл айқасқа қатысты ойын айтты.

«Лагерьде бірінші нөмірмен дайындалдым. Соққы жұмсап, алға шығуға мән бердім. Бірақ жекпе-жекке бір ай қалғанда қолсыз қалдым. Сондықтан айқас тактикасын түгелдей өзгертуге тура келді. Себебі оң қолмен ұра алмайтынымды түсіндім. 

Бұл айқаста бір қолмен ғана төбелестім. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, барлық жекпе-жегімде оң қолмен оверхенд жасаймын, бірақ бұл жолы ол болған жоқ. Бірақ бірде-бір сарапшы мұны байқамады. Ал менің бұл жарақатым туралы менеджерім ғана білетін», - деді спортшы.

Аралас жекпе-жек шебері жеңілгеніне қарамастан қомақты қаржы тауып, енді мұқтаж жандарға көмектесе алатынын алға тартты.

«Жеңілсем де, бөтен елден қомақты қаржы алып келдім, енді өзгелерге көмектесе алам: көпбалалы аналарға, жетімдерге, ауруға шалдыққан және су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын соза алам. Мен олардан алып жатқан жоқпын, керісінше, көмектесіп жатырмын! Сондықтан хейтерлер мен олардың пікіріне түкіргенім бар», - деді Хамитов.