Қуат Хамитовтің бұрынғы қарсыласын белгісіз біреулер атып кетті

Редактор
17.05.2024, 18:09

БАҚ өкілдері оқиғаның түрлі нұсқаларын таратып жатыр

Коммерсант

«Залик» деген лақапатымен танымал ММА мен Поп-ММА-нің атышулы өкілі Залимхан Юсуповті (19-16) 15 мамырда белгісіз біреулер атып кеткен.

Оқиға Махачкалада (Дағыстан, Ресей) болған. Қуат Хамитовтің бұрынғы қарсыласын травматикалық тапаншамен атқан.

15 мамыр күні Махачкаладағы дәмханалардың бірінде Залик пен белгісіз біреу арасында кикілжің туындаған. Дағыстанның ІІМ өкілдерінің ақпаратына сәйкес, Юсупов екі адамның жанына барып, олардың әңгімесіне араласқан. Спортшының бұл әрекетін құп көрмеген екеуі оның кетуін сұраған. Сол сәтте Залик екі жігіттің бірінің аяғынан тепкен. Ашуға булыққан ер адам қалтасынан тапаншаны алып, бірнеше рет оқ атқан.

Ал, Mash Telegram-арнасы оқиғаның басқа нұсқасын ұсынды. Екі ер адам Залимханға өздері тиіскен көрінеді. Олар спортшының мас күйде екенін көріп, елдің атына кір келтіріп жүргенін бетіне басқан. Екеуара ерегісте Юсупов олардың біріне қол жұмсағанда, жігіттердің бірі оқ атқан.

Юсупов тез арада ауруханаға жеткізілді. Үш оқ оның аяғына, қолына және жамбасына тиген. Дәрігерлер оған операция жасаған, қазір жағдайы тұрақты.

Жалпы, Поп-ММА спортшысы «Заликке» қатысты жанкүйердің пікірі сан түрлі. Оның тыйым салынған препараттар қолданып, тіпті қоғамдық орындар мен баспасөз конференцияларында мас күйде жүргенін көргендер көп. Одан бөлек, Юсупов айқасқа дейін не кейін төбелесіп жүретіндіктен де, көпшіліктің сынына ұшырайды.