«Мені секс-құлдыққа сатпақшы»: Қазақстандық UFC файтері Мария Агапова далада қалды

Редактор
20.05.2024, 01:02

Ол қаңғыбастарға арналған приюттан орын іздеп жатыр

Zuffa LLC

Аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Мария Агапова үй-жайсыз қалып, қаңғыбастар қатарын толықтыруы мүмкін. АҚШ-та тұрып жатқан спортшы қыз қазір далада қалған. Көпшіліктен көмек сұраған ол өзіне қауіп төнгенін де жасырмады.

26 жастағы Агапова UFC лигасында бес жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жеткен. Денсаулығына байланысты ол 2022 жылдан бері октагонға шыққан жоқ. Десе де, UFC оған тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Биыл шілдеде жерлесіміз UFC Fight Night турнирінде бразилиялық Луана Сантоспен төбелеседі.

Алайда, осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындалудың орнына Агапова қазір паналайтын жай іздеп жүр. Бұл туралы спортшының өзі Instagram-парақшасында жазды.

«Бір аптадан кейін үйсіз қалатын сияқтымын. Таң қалып тұрсыздар ма? Мен жоқ. Бұл менің Америкадағы классикалық өмірім: UFC жекпе-жегінің алдында үйсіз қалу. Келесі аптадан бастап мен қаңғыбастарға арналған приюттан өзіме орын іздеймін. Өйткені, адамдарға сенуден қалдым. Адамдар мені тек пайдаланумен келеді. Осылайша олар менің жеке өміріме де қол сұғып келеді. Тіпті, мені сыртымнан секс-құлдыққа сатып та жібермек болды. Көмектесе алатын приюттың мекен-жайын білсеңіздер жазып жіберіңіздер, мен Флорида штатындамын», - деп жазды ол Instagram әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, соңғы жекпе-жегінде Агапова канадалық Джиллиан Робертсоннан жеңілді. Енді 30 мамырда ол джиу-джитсу ережесімен өтетін турнирде америкалық спортшы Хелена Кревармен кездесу өткізеді. Десе де, оның нәтижесі ресми статистикаға әсер етпейді.

Материалда: