Ол Қазақстанды Шавкат Рахмонов арқылы таныған
Аралас жекпе-жектен жарыстар өткізетін Naiza лигасының мүшесі, бразилиялық файтер Дуглас Рибейро қазақ қызына үйленгенін айтып, «Мәңгілік ханшайымым» деп жазды.
«Сенің әдемі көздеріңнен және әдемі күлкіңнен мен шынайы бақыттың шынайы мәнін таптым. Мен саған күнде ғашықпын сұлу жарым. Мәңгілік ханшайымым», - деп жазды Дуглас Рибейро өзінің Instagram-парақшасында.
«Пума» деген лақап атпен танымал спортшыға жақында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың өзі бата берген.
«Бүгін жұбайымның үйінде өткен мерекелік кеште Қазақстаннан шыққан аңыз ақын, легенда адам Мұхтар Шахановты көрдім. Ол кісімен сұхбаттасу үлкен мақтаныш және қуаныш. Маған және менің әйеліме айтқан әрбір тілегіңізге, ниетіңізге алғыс білдіремін. Бұл кездесу мен үшін мақтаныш! Өмірімдегі барлық жақсы күндерім үшін Аллаға сансыз шүкіршіліктер айтамын. Аңыз адаммен бір естелік видеолар болсын. Мұхтар ағаның тілегі мен әзілін видеодан көре аласыздар», - деп жазды спортшы.
Айта кетейік, биыл ақпан айында «Пума» Қытайдан келген қандасымыз Тайлақ Нұражымен кездескен. Жекпе-жек алдында Нұражы былай деді:
«Қазақтың күйеу баласы болу оңай емес. Небір сынақтар бар. Мен бүгін сол сынақтардың бірі боламын. Майданда оның өнерін көретін боламыз. Бұл жезде болуға лайық па, жоқ па? осы жерде көресіздер», - деді спортшы.
Ал кездесу ұзаққа созылмады. Үш раундқа жоспарланған жартылай орта салмақтағы жекпе-жек бірінші раундта техникалық нокаутпен, Қытайдан келген қандастың жеңісімен аяқталды.
Дуглас Рибейро бала кезінде футбол ойнаған. 2013 жылы ММА үшін футболды тастап кеткен. Ол Қазақстанды Шавкат Рахмонов арқылы танығанын айтады. Спортшы осыдан кейін осында келуді армандаған. Мүмкіндік пайда болғанда қалт жібермеген. Орыс тілінде біраз сөздер үйренген. Аз-кем қазақшаға тілін жаттықтырып жүр. Әлеуметтік желіні қазақ және португал тілдерінде жүргізеді.