Камару Усман Шавкат Рахмоновпен төбелесуге келісті

Редактор
14.06.2024, 00:15

Бұған дейін екі файтердің арасында жекпе-жек ұйымдастыру мүмкін емес деген пікірлер айтылған еді

Tengri Sport

UFC-де жартылай орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы нигериялық Камару Усман қазақ файтері Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізуге келісім берді. Бұл туралы спортшының өзі Pound-for-Pound YouTube-каналындағы подкастта мәлімдеген.

Есте болса, бұған дейін Камару Усман Шавкат Рахмоновпен октагонға шыққысы келмейтінін айтқан болатын. Мұның себебін ол екеуінің бір бапкерде жаттығатынымен түсіндірген еді.

Жуырда UFC басшысы Дана Уайт та екі файтер арасында жекпе-жек ұйымдастыру былтыр жоспарда болғанын мәлімдеген. Алайда, менеджерлер қызығушылық танытпапты. Оның үстіне, аралас жекпе-жектің даңқты өкілі Хаби Нурмагомедов те қазір Усман мен Рахмонов биыл октагонда төбелесуі керек дегенді айтып жүр.

Нигериялық спортшыға осы фактордың бәрі әсер етсе керек, ол қазақ файтерімен төбелесуге келісімін берді. Енді екі тараптың менеджерлері өзара келісіп, жекпе-жектің күнін белгілуі тиіс.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға былтыр желтоқсанда шығып, америкалық Стивен Томпсонды уақытынан бұрын жеңген болатын. Ал, Камару Усман былтыр қазанда дағыстандық Хамзат Чимаевтен жеңілді.