Аталған жекпе-жек кеші 28 шілдеде өтеді
Аралас жекпе-жектен жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) Манчестердегі UFC 304 турниріне қонақ ретінде қатысады. Бұл кеште әлем чемпионы Леон Эдвардс пен америкалық Белал Мухаммад жекпе-жек өткізеді.
Бұл туралы Шавкаттың бапкері Эдуард Базров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақ файтері жай қонақ болып қайтпай, үлкен шоуға қатысуы да мүмкін.
«Шавкат бір апта бұрын ғана Англиядан келді, барып мән-жайды біліп қайтты. Ол Леон Эдвардс пен Белал Мухаммад арасындағы жекпе-жекте роль алуы мүмкін. Бәлкім оны октагонға шақырып қалуы мүмкін. Бәлкім алда өтетін жекпе-жегіне сол жерде анонс жасайды. Бәлкім ешнәрсе де болмайды, ол жай ғана қонақ болып барады да, болашақ қарсыластарының төбелесін, әлеуетін көріп қайтады. Егер Эдвардс жеңіске жетсе, октагонда тұрып Шавкатты жекпе-жекке шақыруы да мүмкін. Көреміз, қалай болғанда да Манчестерде өте қызық болайын деп тұр», - деді Базров Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Эдвардс – Мухаммад арасындағы жекпе-жек Қазақстан уақытымен 28 шілдеде таңертең өтеді.
Шавкат Рахмонов болса соңғы рет октагонға былтыр желтоқсанда АҚШ-та шыққан болатын. Ол кезде жерлесіміз америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта қылқындыру әдісі арқылы жеңді.