«Қылмыстық топтың лидері»: танымал файтер Тоқаевқа үндеу жолдады (ВИДЕО)

Редактор
20.07.2024, 17:54

Оған полиция қызметкерлері қысым көрсеткен екен

prosports.kz

MMA файтері, танымал спортшы Артем Резников өзін Алматыдағы OCTAGON турнирі кезінде полицейлердің қоршауға алғанын айтты. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оны Риддердегі қылмыстық топтың көшбасшысы деп айыптаған екен.

Дегенмен, Резников туған қаласынан Алматыға оныншы сыныпта көшіп кеткен. Мұнда бір шикілік бар деген спортшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.

«Мен бұл видеоны спортшыларға деген қарым-қатынасты көрсету үшін жазып отырмын, бұл үндеуім ел билігіне жетеді деген үміттемін. Жақында OCTAGON турнирінде досыма секундант болғанмын, сонан соң киім ауыстыратын бөлмеге кеттім. Жаныма жеті адам келіп, мені шетке алып кетті. Олар өзін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері деп таныстырды. "Суретке түсесің" деді. Суретке түсіргендей болды. «Тұр, қолыңды қалтаңнан шығар, қабырғаға жақын тұр, суретке түсіреміз, қайда тұрасың?". "Сен есепте тұрсың, сондықтан бізге келіп белгіленіп кетіп отырасың". "Телефон нөміріңді, тұрғылықты мекен-жайыңды айт", - деді.

Мекен-жайымды айтпадым, басқа мекен-жайды атадым, енді олардың үйіме келіп тұрғаны қалып еді.

Шыдамның шегі бар. Спортшыларға деген қарым-қатынас осындай. Есепте тұр екенмін, қылмыскер сияқтымын олар үшін.

Мен ешқашан ешбір қылмыстық топта болмағанмын. Мені бәрі тек спортшы ретінде біледі. 17 жасымнан Алматыда тұрамын, спорттық интернатқа келдім, сонан соң ММА-да өнер көрсете бастадым. 

Мен оларға: "Сіздер маған қылмыскерге қарағандай қарайсыздар. Қандай да бір ҰҚТ сапында немесе қылмыскерлермен бірге көріп пе едіңіздер?" дедім. "Бізге сенің солардың бірімен амандасқаның да жетеді", - деп жауап қатты.

Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, мен Қазақстан атынан өнер көрсетіп, еліміздің туын көтеріп жүрмін, ал маған келіп осылай дейді. 

Спортшылар осындай қарым-қатынасқа лайық па? Кешірім сұраймын, бірақ шыдамым таусылды», - деді Резников Тоқаевқа жазған бейнеүндеуінде.

Аралас жекпе-жек шебері енді адвокаттың көмегіне жүгінбек. Мұның пранк еместігіне сенімді. Себебі күзетшілер де жеті адамның полиция өкілдері екенін айтқан.

Материалда: