Бұған дейін оны америкалық таныстарының бірі жезөкшелікке салмақ болған
UFC-де өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық қыз Мария Агапова басынан өткен шытырман оқиғаларымен бөлісуді жалғастыруда. Өзінің айтуынша, бірге спорт залында жаттыққан жігіт оған Onlyfans сайтынан аккаунт ашып, ақылы жұмыс істеуді ұсынған екен. Бұл туралы ол Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
«Адамдар менің мұнда (АҚШ-та – авт.) жалғыз екенімді, ешкімім жоқ екенін біледі де, ойына келгенін істейм деп ойлайды. Мен ATT-дан кетіп ACG клубында жаттығу жасап жүргем. Залда темір-терсек көтеретін жер бар, сонда барып жаттығып жүргенбіз. Бірде сол жерде Ричи деген жігітпен таныстым. Біз жай ғана сөйлесіп жүрдік. Бір уақытта операция жасатқаннан кейін баратын жерім болмай қалды. Сол кезде ол маған диванын берді, былайша айтқанда, көмектескен жалғыз адам болды. Осылайша бір жылдай дос болып жүрдік.
Бір күні ол маған Onlyfans сайтында модель болуды ұсынды. Мұндай ұсынысқа келісу үшін сен нағыз ақымақ болуың керек. Қысқасы, мен оның мың доллар ақшасын алып, өзін лақтырып кеттім», - деді Агапова «Ушатайка» YouTube-каналында.
Еске салайық, осыдан бірер ай бұрын Мария Агапова өзінің Instagram-парақшасында көптен көмек сұрап, мәлімдеме жасаған болатын. Айтуынша, таныстары оны жезөкшелікке салмақ болған.
Ал, өткен аптада Мария UFC-дегі кезекті жекпе-жегін өткізіп, бразилиялық файтерден жеңіліп қалды. Енді ол элитиалық дивизионда өнер көрсетпейді.