«Сайқымазақтар»: Депутат Қазақстандағы ММА спортының дамуына алаңдаушылық білдірді

Редактор
16.10.2024, 14:44

Мәжілісмен отандық ММА қауымдастығын құруды ұсынды

Видеодан кадр

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов елімізде ММА спорты бойынша өтетін кейбір шоулардың зиянын айтып, үкімет басшысына сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, қазір қазақ жастарының арасында аралас, қоғамда ережесіз жекпе-жек аталып кеткен ММА спортына сұраныс артқан.

«Соңғы кезде бұл спорт түрін жеке мүддесіне пайдаланғысы келетіндердің қатары көбейді. Олардың ойы спортты дамыту емес, өз мүддесіне пайдалану болып отыр. Көбінің спортқа еш қатысы жоқ азаматтар. Соның салдарынан спорт деп айтуға келмейтін жекпе-жек атын жамылған Топ-ММА, рухфайтер секілді сайқымазақтардың шоуы көбейді. Арзан күлкі мен атақ, ақша үшін абыройларын төгуде. Тіпті, былапыт сөз бен бейәдеп қылық көрсетіп, жастарды теріс жолға тәрбиелеп жатыр деуге негіз бар. Білекті де жүректі жауынгерлер қатысатын аралас жекпе-жек өнерін мазақ қылып, шаршы алаңды шоуға айналдыруда. Бұл өскелең ұрпақтың сана-сезімін бұзып, тілімізді шұбарлатады», - деді депутат.

Осылай мәселе көтерген ол ауыл жастарын қолдап, аталған спортқа қызығушылық танытатындарға мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін атады.

«ММА спортымен шұғылданатын арман қуған ауыл жастары көп. Олардың алды үлкен ареналарда өнер көрсетіп, топ жарып жүр. Бюджет қаржысынсыз еліміздің атын шығарып, еліміздің атын шығарып жүр. Соларға еліктеп, көптеген жастар спортшылар өсіп келеді. Бірақ олардың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстыратын ортақ тәртіп болмай тұр. Сондықтан АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдерде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі бойынша бірізді мемлекеттік қолдау саясатын қалыптастыруымыз керек. Екіншіден, отандық ММА қауымдастығын құру қажет. Сонда бұл спорттың өзіндік ережесі мен тәртібі болады. Бұл ұйымға осы саланың басы-қасында жүрген спорт мамандарын жинап, қауымдастық құру керек деп есептеймін», - деді Данияр Қасқарауов.

Материалда: