Камару Усман Шавкат Рахмоновпен жекпе-жекке шықпайтын болды

Редактор
14.11.2024, 21:54

Бұған дейін атақты Колби Ковингтон қазақ файтерін жекпе-жекке шақырған

Getty Images

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновқа қарсылас табылмай жатыр. Әлем чемпионы Белал Мухаммад 7 желтоқсанға жоспарланған жекпе-жектен бас тартқаннан кейін оны алмастыратын лайықты спортшы болмай тұр.

Күні бүгінге дейін MMA төңірегіндегі сарапшылар мен журналистер желтоқсанда Шавкаттың қарсыласы нигериялық Камару Усман болатынын сеніммен айтып жүрген еді. Алайда, Усман бұл ақпараттың жай ғана қауесет екенін мәлімдеп отыр.

«Шын айтсам, бұл мен үшін ұтымды жекпе-жек болар еді. Мен онымен шығып, бұрын-соңды ешкімнен көрмеген төбелесін ұйымдастырып берер ем.

Ол өте дарынды, мықты спортшы. Бірақ, мен оның кемшіліктерін көріп тұрмын, уақыты келгенде соны пайдаланамын. Бірақ, 7 желтоқсанда емес, бұл мерзім тым ерте. Сондықтан, қазір емес», - деді Камару Усман «Pound 4 Pound with Kamaru & Henry» подкастында.

Еске салайық, UFC жуырда ғана Шавкат Рахмонов пен Белал Мухаммадтың жекпе-жегін ресми жариялаған болатын. UFC кеші 7 желтоқсанға жоспарланған. Алайда, америкалық файтер аяғынан ауыр жарақат алғанын айтып, кездесу кейінге қалдырылды. Оның орнына Рахмонов басқа файтермен төбелесіп, уақытша чемпион титулын сарапқа сала алады.