Спортшы өзіне сын айтқандарға тағы жауап берді
Еліміздегі танымал файтерлердің бірі Мұратбек Қасымбай соңғы жекпе-жегіндегі жеңілістен кейін өзін сынағандарға жауап берді.
Еске салсақ, 30 қарашада Қасымбай Алматыда өткен Nomad Fighting 11 турнирінде ресейлік Иса Исаевпен төбелесіп, оңбай «таяқ жеді». Ол сол кезде бұл жеңіліске жақында інісі қайтыс болып, дұрыс дайындала алмағанын айтқан еді. Спортшы өзіне сын айтқандарға тағы жауап берді.
«Өз ұлтым үшін кейде ұяламын. Мен осындай керемет жекпе-жек көрсеткенімді, жылап қашпай, соңына дейін тұрғанымды ерлік деп санаймын. Сонда да сорлы қазақтар: «Ой, бізді масқара қылдың, төбелеспеуің керек еді», - деп айтады. Бір-бірін қолдау деген жоқ. Менің осындай жекпе-жек көрсеткенім бірде-бір қазаққа ұят емес. Көзіне тік қараймын. Таяқ жеген күннің өзінде ұят емес. Сорлы қазақтарымыз сөйлейді, бірақ өздері түк істеген жоқ. Өзіміздің қазақтарға, өзіміздің қауымға ешқандай көмегі жоқ, түк пайдасы жоқтар жатып алып түрлі нәрселер жазады. Қазақстан КСРО құрамында болған кезде мен-мен деген батырларымызды ату жазасына кесіп өлтірген. Қазіргі қазақтар, кешірерсіздер! Қорқақ қазақтардың ұрпағы қалдық деп ойлаймын. Бұл менің өз ойым. Біз қорқақтардан таралғанбыз. Мен ешкімді азапқа, зорлық-зомбылыққа шақырмаймын. Қазіргі заман жақсы әрі керемет. Мен ұлтымды жақсы көремін, ұлтым мықты болсын дегім келеді», - дейді қазақстандық файтер Nomad Fighting Championship YouTube арнасына берген сұхбатында.
Мұратбек Қасымбай биыл «тоқал алдым» деп елден сүйінші сұраған еді. Бұған дейін ережесіз жекпе-жек шеберлерінен тоқал алғанын ашық мойындаған Жалғас Жұмағұлов болатын. 2021 жылы ол екі әйелінен 6 баласы бар екенін жеткізген.