«Атынан ат үркитін» MMA өкілдерінің көшін ресейлік Ислам Махачев бастап тұр
UFC лигасында өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов (18-0) аралас жекпе-жекте жүрген файтерлердің арасындағы ең «қорқынышты» әрі қауіптілердің бірі саналады. BlondedMMA деп аталатын Twitter-аккаунт әзірлеген рейтингте Рахмонов үшінші тұр.
Аталған тізімнің көшін ресейлік Ислам Махачев бастаса, екінші орында – ауыр салмақта төбелесетін Фрэнсис Нганну тұр. Қазақстандық файтер үшінші орынға жайғасқан.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов аралас жекпе-жекте барлығы 18 рет төбелесіп, бәрінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Соңғы алты кездесуі UFC лигасында өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Соңғы жекпе-жегін Рахмонов 17 желтоқсанда Лас-Вегаста америкалық спортшы Стивен Томпсонмен өткізіп, екінші раудта жеңіске жетті.