Қазақстандық танымал файтер Артем Резников Ресейге барып нокаутпен жеңілді (ВИДЕО)

Редактор
09.02.2025, 03:09

Қос файтер 5 жыл бұрын кездесіп, ол кезде қазақстандықтың мерейі үстем болған

ACA

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Артем Резников (25-8) ресейлік Юсуф Раисовтан (21-3) нокаутпен жеңілді. Қос файтер Краснодарда өткен АСА 183 турнирінде төбелескен болатын.

Жекпе-жек бес раундқа жоспарланған болатын. Алайда, небәрі бірінші раундта аяқталды. Раисов Қазақстаннан келген қарсыласын тоқтаусыз ұрып, төреші төбелесті тоқтатуға мәжбүр болды.

Юсуф Раисов осылайша 22-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, ол Best Media Fighter титулына ие болды. Ал, Резников болса аралас жекпе-жекте тоғызыншы рет жеңілді.

Айта кету керек, қос файтер 2020 жылы жекпе-жекке шығып, ол кезде төрешілердің шешімімен Артем Резников жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы ресейлік спортшы реванш алды.