Канадалық файтер бірнеше турнирдің чемпионы атанған
UFC-де өнер көрсететін қазақ файтері Бекзат Алмахан келесі жекпе-жегін 10 мамырда өткізетін болды. Ол әйгілі Конор Макгрегордың командасында болған канадалық «жауынгер» Брэд Катонмен октагонға шығады.
Биыл мамырда Канаданың Монреаль қаласында UFC 315 турнирі өтетіні белгілі. Бекзаттың көптен күткен жекпе-жегі осы шоудың картында ұйымдастырылмақ.
Брэд Катон – The Ultimate Fighter турнирін екі рет жеңіп алған жалғыз файтер. Ол алдымен 2018 жылы Даниэль Кормьенің командасында топ жарса, 2023 жылы Конор Макгрегордың командасымен тағы да чемпион атанды.
Сондай-ақ, Катон жеңіл салмақта Brave CF лигасында чемпион болған. UFC лигасында барлығы 7 жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде жеңіске жетті де, төртеуінде жеңілді.
Ал, Бекзат Алмахан болса UFC-дегі жалғыз жекпе-жегін әйгілі Умар Нурмагомедовке қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңілген болатын. MMA-да ол барлығы 13 жекпе-жек өткізіп, 11-де жеңіске жеткен.