Дана Уайт мұндай шешімді не үшін қабылдағаны әзірге белгісіз
Шавкат Рахмонов биыл да чемпиондық титулсыз қалатын сияқты. Көктемде Белал Мухаммадпен жоспарланған жекпе-жек тағы болмайтын болды. UFC басшылары америкалық файтерге аустралиялық Джек Делла Маддаленаны беріп отыр.
Алғашқы орта салмақтағы әлем чемпионы Белал Мухаммад көктемде титулын қорғау үшін Шавкат Рахмоновпен төбелесуі тиіс болған. Ресми келісімшарт жасалмағанымен, тараптар өзара келіскен еді. Алайда, Дана Уайт қазақ файтерін титулдық жекпе-жектен айырып отыр.
Белал Мухаммад пен Джек Делла Маддалена 10 мамырда UFC 315 турнирінде кездеседі. Бұл ақпаратты алдымен инсайдер Марсель Дорфф хабарласа, артынша UFC-дің аккаунттарында ресми расталды.
Белал Мухаммад пен Шавкат Рахмонов былтыр желтоқсанда жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда, ол кезде америкалық файтер аяғына жара шыққанын айтып, кездесу кейінге қалдырылған еді.