Шавкат Рахмоновтың чемпиондық титулға не үшін төбелеспейтіні белгілі болды

Редактор
20.02.2025, 10:19

Қазақ файтері мұның себебін жанкүйерлеріне өзі айтты

Vesti.kz

UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов мамырда жоспарланған чемпиондық жекпе-жекке шыға алмайтын болды. Әлем чемпионы – америкалық Белал Мухаммад титулын қорғау үшін қазақпен емес, аустралиялық Джек Делла Маддаленамен төбелеседі.

Осы жаңалықтан кейін Шавкат Рахмонов жанкүйерлеріне үндеу жасап, UFC-дің неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндірді.

«Маған чемпиондық титул үшін төбелесуге бірінші ұсыныс жасағаны үшін UFC-ге рахмет. Өкінішке қарай, жарақатыма байланысты мен мамыр айына дейін жекпе-жекке шығуға дайын болмаймын. Екеуінің қай жеңгенімен биыл кездесемін», - деп жазды Шавкат әлеуметтік желіде.

Осылайша, Белал Мухаммад пен Джек Делла Маддалена 10 мамырда жекпе-жекке шығады. Мұны UFC ресми растады.