Шавкат биыл күзде октагонға оралу керек
Қазақстандық файтерлер Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың жаттықтырушысы Эдуард Базров шәкірттерінің UFC-дегі болашағына қатысты пікір білдірді.
Базровтың айтуынша, Шавкат қазіргі уақытта Алматыда жаттығу өткізіп жатыр. Оның жағдайы жақсарып қалған, физикалық жүктемелерді де толық орындай алады екен. Команда жекпе-жекті биылғы күзге, шамамен қазан айына жоспарлап отыр.
«Қазір бізге тоқтап қалуға болмайды. Уақыт өтіп жатыр, жаңа қарсыластар көп.
Белал мен Маддалена арасындағы чемпиондық жекпе-жекке келсек, өз басым Белал жеңеді деп ойлаймын. Сол кезде біз Шавкатқа арналған жоспарымызды жүзеге асыра аламыз. Ол чемпиондық белбеу үшін айқасқысы келеді», – деді бапкер.
Ал Асу Алмабаев қазіргі таңда Осетияда оқу-жаттығу жиынында екен. Оның келесі жекпе-жегі туралы нақты ақпарат алдағы уақытта белгілі болады.
«Бастапқыда оны Бакудегі турнирде шығару жоспарланған, алайда бұл ой іске аспады. Қазір визасыз елде жекпе-жек өткізу жолдарын қарастырып жатырмыз. Асу Эрцегпен кездесуі мүмкін. Бұл біз үшін де қызықты болар еді, өйткені бастапқыда сол қарсыласқа арнайы дайындалдық», – деп түсіндірді Базров.