Ол Рахмоновтың титулдық жекпе-жекке лайық емес екенін айтты
UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін ирландиялық файтер Иэн Гэрри қазақстандық Шавкат Рахмоновтың титулдық жекпе-жекке бірден қол жеткізуіне қарсылық білдірді. Бұл туралы ол танымал журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында айтты. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Қазіргі таңда Гэрри UFC рейтингінде алтыншы орында тұр. Оның пікірінше, жарақатынан кейін шаршы алаңға оралуы тиіс Рахмонов титулдық жекпе-жекке бірден шығуға лайық емес.
«Қазір жартылай орта салмақ тарихтағы ең қызықты кезеңін бастан кешіп жатыр. Жас буын алдыңғы толқынды алмастырып жатыр, дивизион бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып келеді. Мұнда Шавкат Рахмонов, Джек Делла Маддалена, мен, Карлос Пратес пен Майкл Моралес секілді дарынды спортшылар бар», — деді Гэрри.
Ол бұл дивизиондағы деңгейі шамалас спортшылар арасында әділ бәсеке болуы тиіс деп есептейді.
«Сондықтан, Шавкаттың жарақатынан кейін бірден титулдық жекпе-жекке шығуы дұрыс емес деп ойлаймын. Біз бәріміз белсенді түрде өнер көрсетіп жатырмыз. Алайда бұл жерде саясат араласады. UFC — бұл бизнестің бір бөлігі, ал шешімді солар қабылдайды», — деді ирландиялық файтер.
Айта кетейік, Гэрри мен Рахмонов 2024 жылдың желтоқсан айында кездескен болатын. Жекпе-жек нәтижесінде Шавкат Рахмонов төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Ол кезде қазақстандық спортшы UFC рейтингінде үшінші, ал Гэрри жетінші орында тұрған еді.