Кларисса Шилдс ММА ережесі бойынша үш жекпе-жек өткізген
Бокстан екі салмақта әлемнің абсолютті чемпионы америкалық Кларисса Шилдс аралас жекпе-жекпен (ММА) қоштасатынын мәлімдеді.
Ол басымдықды боксқа беруді жөн көрген.
«ММА-мен қоштасамын. Бұл мен үшін қызықты тәжірибе болды, бірақ жаттығуға уақытым жоқ. Себебі тейкдаундардан (құлату әдістеріне) қорғанысқа дайындалудың өзіне 6-8 ай керек. Біраз жетістікке жеткеніме қарамастан, қолымды екі рет сындырып алдым. Соған қарамастан әр жекпе-жектен ләззат алдым.
ММА-ға дайындалу көп уақытты талап етеді, ал менде ондай уақыт жоқ. PFL чемпионы атанып, бір күні Кайла Харрисон немесе Ларисса Пачекомен жекпе-жек өткізуді армандағаным рас, дегенмен уақыт тапшы. Бокста ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жеттім, ал ММА-де дәл сол нәтижені қайталау үшін 3-4 жыл тұрақты жаттығу қажет», — деді Шилдс.
Кларисса Шилдс ММА ережесі бойынша үш жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңілген.