Эдуард Базров Махачевтің де осал тұсы барын атап өтті
UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық жеңіліссіз файтер Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров шәкіртінің Ислам Махачевпен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі жайлы өз ойын ортаға салды. Бұл туралы ол Betonmobile басылымына берген сұхбатында айтты.
«Егер Махачев Джек Делла Маддаленаны жеңіп, жартылай орта салмақта чемпион атанса, Шавкатпен жекпе-жек өткізуі әбден мүмкін. Бұл жекпе-жекке қандай дайындық бар? Махачевтің әлсіз тұстары неде?» деген сауалға Базров:
«Алдымен Махачев пен Маддалена арасындағы чемпиондық кездесу қалай аяқталатынын күтейік. Егер Ислам жеңіске жетсе, біз бар күшімізді салып дайындалып, жеңіп шығамыз. Негізі, кез келген спортшының осал тұстары болады. Махачев те ерекшеленбейді», - деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Эдуард Базров Махачев пен Маддалена арасындағы жекпе-жек көпшіліктің болжағанындай оңай болмайтынын атап өткен.
Еске салсақ, Ислам Махачев жеңіл салмақтағы чемпиондық титулынан бас тартып, жартылай орта салмақтағы жаңа чемпион Джек Делла Маддаленаға қарсы жекпе-жекке шығуға келісім берген болатын. Бұл кездесу биыл күзде Сауд Арабиясында өтетін UFC турнирінде өтеді деп жоспарланып отыр.