«Тек қазақ тілінде сөйлеймін» деген Жәнібек пен Шавкатты белгілі менеджер сынға алды

Редактор
13.01.2024, 10:02

Шоу-бизнесте патриоттық бірінші орында тұрмайды дейді ол

DAR Global

MMA турнирлерін ұйымдастырып жүрген Naiza FC промоушннің президенті Нұрбек Қарабала Жәнібек Әлімханұлы мен Шавкат Рахмоновты ағылшын тілін үйренуге шақырды.

Есте болса, қос боксшы да Америкада тек қазақша сөйлейтіндерін, басқа тілдің керек емес екенін жария түрде айтқан болатын. Нұрбек Қарабала болса ағылшын тілін білмеген спортшының кәсіпқой бокста да, UFC-де де үлкен материалдық табысқа жете алмайтынын мәлімдеп отыр.

«Патриоттық деген, тіліңді сүю деген әрине жақсы, бірақ біздің спортшыларға мұндайды көпшілік алдында жария түрде айтуға болмайды. Мәселен, Жәнібек Әлімханұлы «мен қазақ тілінен басқа ешбір тілде сөйлемеймін» дейді. Бұлар өздеріне өз проблема жасап жатыр. Жуырда ғана Шавкат ағылшынша сөйлемесе медиа-танымал бола алмайды деген мақала шығыпты. Ол рас.

Мысалы, сенің жекпе-жекте алатының 1 млн доллар болса, ағылшын тілінде сөйлесең ол цифра 2 миллионға дейін өседі. Өйткені, сен аудиториямен тікелей сөйлессең саған деген қызығушылық артады, сенің бағаң да өседі. Хабиб пен Конор Макгрегор өте үлкен PPV жинады, өйткені олар жекпе-жектің көркін алдын ала қыздырды. Хабиб дағыстандық немесе орыс тілінде сөйлеген жоқ, ол Макгрегорға және оның фанаттарына ағылшынша сөйледі.

Иә, сен өз күшіңмен титул жеңіп алуың мүмкін, бірақ үлкен ақша тапқың келсе бұлай болмайды. Бұл шоу-бизнес», - деді Қарабала.