«Шавкат сені жеп қояды»: қазақстандық жанкүйерлер UFC файтерінің Instagram-парақшасын шабуылдады

Редактор
13.01.2024, 15:54

Армян спортшысы Шавкат Рахмоновтың ешқандай ерекшелігі жоқ дейді

instagram.com/arm_011/

UFC лигасында Ресей атынан шығып жүрген армян файтері Арман Царукян қазақ спортшысы Шавкат Рахмоновты сынаймын деп басы дауда қалды. Қазақстандық жанкүйерлер оның Instagram-парақшасын шабуылдап, жүздеген “қаһарлы” пікір жазып қалдырды.

Царукян Адам Зубайраевтың YouTube-каналына сұхбат беріп, Рахмоновты ешқандай ерекшелігі жоқ қызықсыз файтер деп атаған.

«Сөз жоқ, ол – болашақ чемпион. Бірақ оның төбелесу мәнері – қарапайым, ешқандай ерекшелігі жоқ. Өз деңгейінде бәрін жасайды, бірақ мен оның жекпе-жегін көретіндей қызықты емес. Мысалы, Альберт Туменовты немесе соған ұқсас төбелесетін өзге спортшыларды көрер едім. Ал, Шавкат төбелессе уақытым болса көрем, болмаса қарамаймын. Хамзат Чимаевты та көремін, оның мәнері өте қызық», - деді Арман Царукян.

Осыдан кейін қазақстандық жанкүйерлер армян спортшысының Instagram-парақшасына кіріп, эмоцияға толы пікірлер жазып қалдырды.

«Шавкат сені сезінбейді де»;

«Біз сені осыған дейін сыйлап келдік, енді ренжіме»

«Шавкат сені көруге мәжбүрлейді»

«Шавкат – чемпион, сен іш пыстырарлық файтерсің, ол сені жеп қояды», - деген сарында жүздеген пікір жазылды.

Арман Царукян MMA-да 24 жекпе-жек өткізіп, оның 21-де жеңіске жетті. UFC лигасында 2019 жылдан бері өнер көрсетеді.