Қазақстаннан бір жылға жететін ақша тауып қайттым - UFC-дің бұрынғы чемпионы

Редактор
04.06.2025, 18:25

Генри Сехудо күтпеген жерден жекпе-жекке шыққан

Prosports.kz

28 мамыр күні UFC-дің бұрынғы чемпионы Генри Сехудо Қазақстанда грэпплингтен жекпе-жек өткізді. Ол отандық файтер Қайрат Ахметовпен кездесіп, жеңіске жетті.

Сехудо мен Ахметов арасындағы айқас туралы жаңалық жанкүйерлердің көпшілігі үшін тосынсый болғаны рас. Тіпті жекпе-жек өткізу Сехудоның өз жоспарына да кірмеген екен. Ол Қазақстанға қонақ ретінде ғана келіп, іс-шараға қатыспақ болған. Алайда Alash Pride аренасында өнер көрсетуге ұсынылған қомақты сыйақы оның ойын өзгерткен.

Бұл туралы Сехудо YouTube-тегі Pound 4 Pound подкастында айтып берді.

«Нақты соманы айта алмаймын, бірақ бір жыл өмір сүруге жететін табыс тауып келдім», — деді Сехудо.

Айта кетейік, Қайрат Ахметов — UFC-ге жолдама алуға тырысып жүрген отандық спортшылардың бірі. Ал Сехудо — UFC тарихында екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған санаулы файтерлердің қатарынан.