Асу Алмабаев пен Рамазан Темиров 26 шілде күні Абу-Дабиде (БАӘ) кездеседі
UFC-дегі қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың бапкері Эдуард Базров Sports.kz порталына берген сұхбатында шәкіртінің алдағы қарсыласы өзбекстандық Рамазан Темиров туралы пікір білдірді.
«Рамазан UFC-ге жолындағын жайпап кірді – бірден екі мықты қарсыласын жеңіп шықты. Қазір оның ТОП-10 қатарына енуге мүмкіндігі бар, ал бізге бұған дейінгі жеңілісті ұмытып, белбеу үшін жарысты жалғастыру маңызды. Қарсылас өте мықты, сондықтан біз соған сай дайындық жүргіземіз. Біз UFC-ге тек чемпиондық белбеу үшін келдік», – деді маман.
Айта кетейік, Асу Алмабаев пен Рамазан Темиров 26 шілде күні Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін UFC on ABC 9 турнирінде кездеседі.
31 жастағы Асу Алмабаев өткен жекпе-жегінде Манел Капеге есе жіберді. Қазіргі таңда Алмабаевтың ММА-дегі рекорды – 21 жеңіс, 3 жеңіліс, ал UFC-де – 4 жеңіс, 1 жеңіліс.
28 жастағы өзбекстандық Рамазан Темировтың көрсеткіші – 19 жеңіс, 3 жеңіліс. UFC-дегі екі жекпе-жегінде де жеңіске жеткен.