Кештің негізгі бағдарламасында бес жекпе-жек жоспарланса, октагонда 12 кездесу өтуі тиіс еді.
UFC президенті Дана Уайт UFC 317 турнирі басталардан бірнеше сағат бұрын бір спортшыны лига құрамынан шығарып жіберді, тиісінше жоспарланған жекпе-жектердің бірі өтпей қалды.
UFC 317 АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өтті. Кештің басты жекпе-жегінде испаниялық Илия Топурия мен бразилиялық Чарльз Оливейра жеңіл салмақта бос тұрған чемпиондық белбеуді сарапқа салып, бұл айқас Топурияның нокаутымен аяқталды.
Кештің негізгі бағдарламасында бес жекпе-жек жоспарланса, октагонда 12 кездесу өтуі тиіс еді.
Орта салмақта жеңілмеген екі спортшы – америкалық Джексон МакВэй (6-0) мен чилилік Кристофер Эверт (7-0) арасындағы кездесу өтуі тиіс болған. Салмақ өлшеу рәсімі жұма күні, 27 маусымда өткен. Алайда Кристофер Эверт салмақ лимитінен 10 фунтқа артық шыққаны белгілі болып, жекпе-жек тоқтатылды.
UFC комментаторы Джон Аниктің мәліметінше, Дана Уайт кездесуді бұзғаны үшін Кристофер Эвертті ұйым құрамынан шығарған.
Эверттің лига құрамынан шығуы тосын жағдай болды: себебі ол UFC-мен ресми келісімшартқа 23 маусым күні ғана қол қойған. Чилилік файтер заңдық мәселелерге байланысты турнирден шығып қалған Седрик Дюманың орнын басуы керек еді, оның өзінде Эверт айқасқа бар болғаны екі күн қалғанда – 25 маусымда келісім берген.