Тимур Хизриевке бес оқ тиіп, ауруханаға түскен
Жартылай жеңіл салмақта PFL чемпионы, ресейлік спортшы Тимур Хизриевке жасалған қарулы шабуылдың себебі белгілі болды.
Дағыстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шабуылға қарыздық міндеттемелер себеп болған. Яғни аралас жекпе-жек шебері Хизриевке ақшаға қатысты дау салдарынан қастандық жасалған.
Чемпион автотұрақта көлігінің жанында тұрған кезде, артынан белгісіз екі адам жүгіріп келіп оған оқ атқан.
Куәгерлердің айтуынша, күдіктілер ақ түсті Lada Priora көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Автокөлікте оларды күтіп отырған үшінші сыбайластары болған.
Дереккөздің мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталған, енді оған Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 213-бабы 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша айып тағылады.
Кейінірек Хизриевтің бес оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Оған шұғыл ота жасалып, денесінде қалған резеңке оқтар алынып тасталды. Дәрігерлер оның өміріне еш қауіп жоқ екенін айтты.
Тимур Хизриев – аралас жекпе-жектен жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін ресейлік спортшы. 1995 жылдың 19 қарашасында Дағыстан астанасы Махачкалада дүниеге келген.
Кәсіби мансабын 2014 жылы бастаған. ACA, Bellator, PFL сияқты беделді ұйымдарда өнер көрсетіп, танымалдылыққа ие болды. Оның жеңіліссіз рекорды – 18:0.
Соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың 29 қарашасында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізді. PFL Гран-приінің финалында ол 2022 жылғы чемпион британиялық Брендан Лохнейнмен кездесіп, чемпиондық белбеу мен бас жүлдені жеңіп алған болатын.