Әліби 17 тамыз күні таңертең (Чикаго, АҚШ) америкалық Джозеф Моралеспен октагонға шығады
Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс UFC-дің әйгілі The Ultimate Fighter (TUF) жобасындағы әсерін бөлісіп, алдағы финалдық айқасына тоқталды.
Әліби 17 тамыз күні таңертең (Чикаго, АҚШ) америкалық Джозеф Моралеспен октагонға шығады. Бұл кездесу UFC 319 турнирінің аясында өтіп, UFC-мен келісімшарт сарапқа салынады. Ал кештің басты жекпе-жегінде Хамзат Чимаев пен Дрикус дю Плесси өзара кім мықтыны анықтайды.
Қазақстандық файтер шешуші айқас қарсаңында баспасөз конференциясына қатысып, ешқандай қысым сезінбейтінін жеткізді:
«Қазір ешқандай қысым жоқ. Себебі TUF кезінде бар қысымды бастан өткердім – түсірілімдер, күн тәртібі, дайындықтың қиындығы… Қазір бақыттымын! ММА-ге небәрі бес жыл бұрын келдім, ал бүгін осы жерде отырмын. Камераға, көпшіліктің назарына үйреніп кеттім. Өзімді өте жайлы сезінемін. Арманым – жастарға өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдеу. Қарапайым жігіттер де биік шыңдарды бағындыра алады. Екі-үш жыл бұрын UFC формасын киюді армандасам, қазір қолымда UFC сөмкесі барынп қуаныштымын».
Сондай-ақ ол АҚШ-қа арман қуып келгенін алға тартты.
«Мен мұнда жеңіс үшін ғана емес, арман үшін келдім. TUF-та қалай шоу жасасам, мұнда да сондай ерекше айқас көрсеткім келеді. Финалда көрерменге есте қаларлық жекпе-жек сыйласам деймін!».
Айта кетейік, Әліби Ыдырыс – The Ultimate Fighter тарихына енген алғашқы қазақстандық спортшы. Бұған дейін ол қарапайым отбасынан шыққанын, ал анасы балаларын таңнан қара кешке дейін базарда сүт өнімдерін сатып өсіргенін көрсеткен. Болашақта анасына сауда орнын алып бергісі келетінін де айтып еді.