Әліби Ыдырыс алғаш рет жеңіліп, UFC-мен жаңа келісімшарт Моралеске бұйырды
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс (10-1) UFC 319 турнирінде жеңіліске ұшырады. Чикагода өткен бұл турнирде ол америкалық Джозеф Моралеске (13-2) қарсы шығып, екінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңілді.
Бұл жекпе-жек The Ultimate Fighter атты танымал реалити-шоудың финалы болды. Әліби жеңіске фаворит саналғанымен, америкалық спортшы күтпеген жерден мықты дайындық көрсетіп, толық басымдық көрсетті.
Статистикаға қарасақ, Моралес 63 дәл соққы дарытқан, ал Әліби – 56. Дегенмен қазақстандық спортшы соққыларында дәлірек болды – 50%, қарсыласының көрсеткіші – 46%. Моралес бес рет құлатуға әрекет жасап, екеуін жүзеге асырды. Ал Әлібидің жалғыз талпынысы сәтсіз аяқталды.
Алғашқы раундта америкалық спортшы Әлібиді жерге құлатып, қауіпті тұншықтыру әдісін жасаған еді. Бәрі аяқталатындай көрінді, бірақ Әлібиді раундтың біткенін хабарлаған қоңырау ғана құтқарып қалды. Ал екінші раундта Моралес тағы да партерге алып, бұл жолы тұншықтыруды соңына дейін жеткізіп, жеңісті өз пайдасына шешті.
Осы жеңістен кейін Джозеф Моралес UFC-мен жаңа келісімшартқа қол жеткізді. UFC комментаторы Джо Роган:
«Бүгінгі Моралесті біз бұрын көрген жоқпыз», – деп таңданысын жасырмады.
Әліби өзінің соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың мамырында өткізіп, бірінші раундта бразилиялық Эдилсон Сантос Жуниорды (9-3) техникалық нокаутпен жеңген. Ал Моралес соңғы рет 2023 жылдың ақпанында өнер көрсетіп, отандасы Энтони Дуны (9-8) үшінші раундта сабмишнмен ұтқан.