Онда жалған хабар таратуды жалғастыра бересіздер
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың менеджері, Ruby Sports & Entertainment компаниясының басшысы Дэниэл Рубенштейн спортшының қараша айында октагонға оралуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде «Номадтың» күздің соңында дивизион рейтингінде екінші орында тұрған америкалық Шон Брэдимен жекпе-жек өткізетіні туралы сыбыс тарады.
Рубенштейн өзінің X-тегі парақшасында «инсайдерлік ақпаратқа» қатысты пікір білдіріп:
«Сіздер қашан қорытынды шығарасыздар? Егер ақпаратты екі тараптан да тексеріп алмасаңыздар, онда жалған хабар таратуды жалғастыра бересіздер. Бұл жекпе-жек өтпейді, оның үстіне қарашада», – деп жазды.
Айта кетсек, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров шәкірті жаттығуды бастап кеткенін айтқанымен, оның UFC октагонына биыл оралмайтынын жеткізген еді.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, төрешілердің ортақ шешімімен ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген болатын.