Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды
Талғардағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін көпшіліктің назарына іліккен Хасан Қасымбаев сот залында айыпталушыларға арналған кабинадағы пластикалық терезені сындырып тастады.
Оқиға үкім жарияланардан шамамен жарты сағат бұрын болған. Ал оған Қасымбаев пен басқа айыпталушылардың журналистердің сот залында отыруына наразылығы себеп болған.
«Мына жерден бәрін шығарыңдар!» – деп айғай салған Қасымбаев айыпталушылар кабинасының пластикалық әйнегін жұдырықпен ұрып, оны сындырып жіберген. Тіпті әйнектің сынықтары залға шашырап кеткен. Ал бұл жайтты тілшілер таспалап алмас үшін айыпталушылардың туыстары кабинаның алдын жауып алған. Осыдан кейін сот қызметкерлері журналистер мен операторларды залдан дереу шығарып жіберді.
Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы бұл шешімнің «олардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында» қабылданғанын айтады. Айыпталушының адвокаты Нариман Кервенов болса оқиғаны көзімен көрмегенін алға тартты.
«Әр адам эмоциясын әртүрлі көрсетеді. Өз басым не болғанын көрген жоқпын, бірақ әркім наразылығын әртүрлі білдіреді – бірі қиратуы мүмкін, бірі сөзбен айтады. Өзім көрмеген соң, оның іс-әрекетіне баға бере алмаймын», – деді адвокат.
Айта кетейік, сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып ақша бопсалау баптары бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өтейді.
Соңғы сөзінде Қасымбаев өзінің кінәсіз екенін айтып, соттан ақтау үкімін шығаруды сұраған. Алайда сот оның уәждерін негізсіз деп таныды. Естеріңізде болса, адам ұрлау фактісі мен соққының құрбанына айналған ММА файтері әрі бапкер Арман Әлімов сотта сөз сөйлеп, осы істің артында да Қасымбаев тұрғанын тілге тиек еткен.