Соиши Хашимото ең техникалық спортшылардың бірі ретінде жанкүйер есінде қалды
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионы, әлем біріншіліктерінің бес дүркін жүлдегері және халықаралық турнирлердің жеңімпазы Соиши Хашимото 34 жасында кәсіби мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы judoworld7 телеграм-арнасы жазды. Атақты дзюдошы қоштасу сөзін желіде жариялап, көпшілікке алғысын білдірді.
«Мен дзюдодан кетуді шештім. Осы жолда жолыққан жанның бәріне және мені жылдар бойы қолдаған адамдарға шексіз алғыс айтамын. Ұзақ мансабымда талай рет құладым, талай рет қайта тұрдым. Қиындықтарға қарамастан татамиге қайта шықтым және өз арманымның көбін орындадым. Енді жинаған тәжірибемді келесі буынға беріп, түрлі салаларда жаңа сын-тегеуріндерді қабылдағым келеді. Дзюдо маған үйреткеннің бәрін өзіммен бірге алып, өмірімнің жаңа кезеңіне шынайылықпен және толық жан-тәніммен қадам басамын. Барлығыңызға рақмет», - деді ол.
Соиши Хашимото дзюдо тарихындағы ең техникалық және тұрақты спортшылардың бірі ретінде жанкүйер есінде қалды. Оның мансабы жапон дзюдосының дәстүрлі мектебінің үздік үлгісі саналады. Енді ол бапкерлік және жаңа кәсіби бағыттарда еңбек етуді жоспарлап отыр.