Ол Антикор мен прокуратурадан «Ауыл» фракциясының депутатының іс-әрекетін тексеруді сұрады
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков пилондағы спортты сынаймын деп басы дауда қалуы мүмкін. 1 ақпанда ол пилондағы спортпен айналысатындарды стриптиз билейтіндер деп атап, осы спортқа бюджеттен ақша бөлуді тоқтатуды талап еткен болатын. Депутаттың «стриптиз» деген сөзі пилоншылардың намысына тисе керек, алматылық бапкер Екатерина Воликова құзырлы органдардға шағымданды.
Воликова пилондағы спорт пен стриптиздің бір-біріне қатысы жоқ екенін айтады. Сөзіне дәлел келтіру үшін ол өзінің Instagram-парақшасына пилондағы спорттан болған жарыстың видеосын жүктеген.
«Біздің спортпен негізінен кәмелетке толмаған баллаар айналысады. Олар Республикалық және халықаралық жарыстарға, Әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғап, әнұранымызды айтып, көк туымызды желбіретіп жүр. Бұның бәрін депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлерден қорлау сөзін есту үшін істеп жүргеніміз жоқ.
Депутат Таңсәуле Серіков 2 ақпаннан бері біздің спортқа сексуалды сипат тағып, спортшыларымызға жала жауып отыр. Мұның салдарынан әлі мектепте оқитын спортшыларымызға ертең қатарластары буллинг жасауы мүмкін. Сондықтан прокуратура балалардың құқығын қорғауы тиіс», - деп жазды гимнастика мен пилондағы спорт бапкері Екатерина Воликова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сөз соңында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұрады.