Журналист Аслан Каженов біраз уақыттан бері ел спортына легионер тарту мәселесін көтеріп, сынап келеді
Астанада күрес түрлерінен ел чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Аталған жарысқа көрермен ретінде келген спорт журналисі Аслан Каженовті ұйымдастырушылар күшпен шығарып жіберген. Ал, бейнекамераға түсірген кадрларын смартфоннан өшіртіп тастапты. Бұл туралы Каженовтің өзі Facebook-парақшасында жазды.
Журналист бұған дейін қазақ күресінде легионерлердің көбейіп кеткенін айтып дабыл қаққан. Осы жолы Қазақстан азаматтығын алған сол шетелдік балуандардың өнерін көруге келген екен.
«Келімсектерді өз көзіммен көрейін деп жекпе-жек сарайына арнайы бардым. Финал алдындағы бірер сағаттық үзіліс екен. Осы фотоға түсіп үлгергенім жоқ, басы-қасында жүргендер қуып шықты. Тура мағынасында қуып шықты. Қасымдағы әріптесім сол сәтті телефонға түсіргісі келген еді. Оның ұялы құрылғысын тартып алды. Ішіндегі видеоны тазалады. Не масқара мынау? Не әрекет бұл?» - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Ол өз жазбасында Мәжіліс депутаты – Күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановқа үндеу жасаған.
«Кеше Мәжілісте спортқа қатысты заң жобасы талқыланды. Ашығын айтайын, сізден үлкен үміт күттім. Өйткені, басқа-басқа, отандық спорттың былығы мен шылығын бетіне шығарып, реттеуді ұсына алатын санаулы адамдардың бірісіз. Мәлімдемеңізден кейін әлгі үміт су сепкендей басылды. Букмекерлік компанияға қатысты «не от хорошей жизни» деген пікір білдірдіңіз. Қаржының тапшылығымен түсіндірдіңіз. Күрес федерациясына былтырдың өзінде мемлекеттен 150 миллион теңгеден аса қаржы бөлінген. Оны қайда жұмсадыңыз? Есебін кім береді? Оның өзі жеткіліксіз бе? Ашық айтсаңызшы. Ал, енді жеткілікті болса, онда неге федерация ОЛИМПБЕТ-пен келімшарт жасасты?» - деді А.Каженов Дәулет Тұрлыхановқа.
Еске салайық, осы аптада Мәжіліс депутаттары елде букмекерлік кеңселердің жарнамасы қаптап кеткенін, футболдан Премьер-лиганың атауы «OLIMPBET» деп аталатыны ақылға қонбайтынын айтып, Спорт министрінен жағдайды реттеуді талап еткен болатын.