Ахмед Тажудинов 2023 жылы әлем чемпионы атанған
Эр-Риядта өткен Ислам ойындарында Ризабек Айтмұқаннан оңбай жеңілген Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов жанкүйерлеріне үндеу жолдады. Бахрейн атынан күресетін еркін күрес балуаны маусымның соңы өзі күткендей болмағанын атап, алдағы жарыстарға мықты болып оралуға тырысатынын атап өтті.
«Маусым аяқталды. Нәтиже күткенімдей болмады, бірақ кілем үстіндегі әр күн мені бұрынғыдан да мықты етті. Алла Тағалаға денсаулық үшін, жол үшін және қасымда жүрген жандар үшін - бапкерлеріме, командам мен отбасымa - шексіз алғыс айтамын. Олардың қолдауы ең қиын сәттерде күш берді. Көп еңбек, тәртіп және күрес болды - тек қарсыластармен емес, өзіммен де. Әр сынақ келесі маусымға ала баратын бір-бір сабаққа айналды. Жеңілістер - чемпион жолының бір бөлігі. Олар тек жігерімді жандыра түседі. Мен қайда бара жатқанымды білемін. Және бұрынғыдан да мықты болып оралатынымды да білемін», - деп жазды Ахмед Тажудинов әлеуметтік желіде.
Жақында аяқталған Ислам ойындарының жартылай финалында бахрейндік балуан әлем чемпионы Ризабек Айтмұқаннан 15:3 есебімен жеңілген еді. Отандық бозкілем шебері бұл сында финалға шыққанымен, лас күрескен парсы балуанына 5:0 есебімен жол берді.
Айта кететін жайт, Ахмед Тажудинов 2023 жылы әлем чемпионы атанған. Сонымен бірге, былтыр Париж Олимпиадасында 97 келіде топ жарды. Ал биыл Хорватияда өткен жаһан біріншілігінде жартылай финалда парсы балуанынан 5:2 есебімен жеңіліп, қола жүлдеге ие болды. Ол бұған дейін Ризабек Айтмұқаннан Түркияда өткен халықаралық турнирде және Азия чемпионатының финалында (2024) басым түскен еді.