Тимур Құлыбаевтың орнын Головкин басатыны рас па?

Редактор
05.02.2024, 12:08

Депутаттар отандық спортты олигархиядан тазалауды талап етіп отыр

коллаж: 1bol.kz

Белгілі саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-каналында Головкиннің Ұлттық олимпиада комитетіне басшы болып тағайындалатынын жазды. Бұл қызметті дәл қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев атқарып келеді.

Есте болса, өткен аптада Мәжіліс депутаттары еліміздің спорт саласына қатысты заң жобасын талқылап, спорттан олигархтарды шеттету керек деген ұсынысын айтқан болатын. Депутат Ерлан Саиров Тимур Құлыбаевтың спортты құлдыратқанын айта келе, оның отставкасын талап еткен.

Көп ұзамай, бүгін Қазақстан бокс федерациясын басқарып келген танымал олигарх, Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы – Кеңес Рақышев федерация президенті деген қызметінен шеттетілді. Оның орнын кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп басып отыр.

Ал, Құлыбаевтың отставкаға кететіні туралы ақпарат расталған күннің өзінде, бұл орынға Геннадий Головкиннің тағайындалатыны екіталай. Америкалық бокс сарапшылары GGG-дің рингке оралатыны туралы бұған дейін бірнеше рет болжам жасаған.