Жарнама
Жарнама

Рыбакина қай елдің азаматы: Қазақстан ба, Ресей ме?

Редактор
25.12.2025, 16:01

Теннисші Қытайдағы турнирде Қазақстан төлқұжатын ұстап шықты

x.com/rybafan

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаға қатысты қос азаматтық туралы әңгіме тараған соң ол көпшілік алдына ҚР төлқұжатымен шықты. Мұндай қауесет оған қатысты Ресейде қайта өрбіген болатын.

Белгілі болған ақпарат бойынша, қазақстандық теннисші Қытайда World Tennis Continental Cup атты көрме турнирінде сынға түсті. Кейін әлеуметтік желілерде спортшының жергілікті жанкүйерлермен кездесуі кезінде түсірілген бейнежазбалар жария болды. Онда Рыбакинаның қолына Қазақстан азаматының паспортын ұстап жүргені анық байқалған.

Бұған дейін Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Рыбакинаның Мәскеуде тұратынын және оның Ресей азаматтығы бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше, Қазақстан атынан ойнауы тек спорттық мансап үшін жасалған шешім болған.

Алайда бұл мәлімдемені Қазақстан теннис федерациясы толықтай жоққа шығарып отыр. Федерация өкілдері Қазақстанда қос азаматтыққа заң жүзінде тыйым салынғанын және «спорттық азаматтық» деген ұғымның мүлде жоқ екенін алға тартқан. Осылайша, Рыбакинаның Қазақстан азаматтығын ресми әрі заңды екені тағы бір мәрте растап отыр. Ол 2022 жылдың шілде айында өткен баспасөз отырысында ҚР азаматы екенін айтып, құжатын көрсеткен болатын.

Реклама
Реклама