Себебі статистика бойынша Қызылорда облысын басып озған өңірлер бар.
25 желтоқсанда елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үздік-2025» спорт саласының үздіктерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Биылғы жыл қазақстандық спорт үшін шынымен де тарихи табыстарға толы болды. Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбіреткен спортшылар мен мамандардың еңбегі еленіп, көпшілігі лайықты марапатқа ие болды.
Алайда салтанатты кештен кейін көпшіліктің көкейінде «Үздік спорттық өңір» номинациясының нақты қандай өлшемдерге сүйеніп анықталды деген сауал туындады. Бұл атақтың Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына берілуі аздап түсініксіз көрінгені рас. Себебі биылғы маусымда статистикалық көрсеткіштер мен халықаралық жетістіктерге сүйенсек, Сыр өңірінен озып кеткен аймақтар аз емес.
Астана, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Түркістан облыстарының спортшылары да ірі жарыстарда ел мерейін үстем етті. Ал Алматы қаласының спортшыларының нәтижелері тіпті бөлек әңгіме деуге болады.
Әрине, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев жетекшілік ететін Қызылорда спортының жетістіктерін жоққа шығаруға болмайды. Биыл Қызылордада УЕФА талаптарына толық сай келетін, 11 мың жанкүйерге арналған заманауи футбол стадионы пайдалануға берілді. Бұл аренада Қазақстан кубогының финалы өтіп, жергілікті «Қайсар» клубының үй ойындары қабылданды.
Сонымен қатар грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта алтын медаль иеленіп, ел спортына 26 жыл күткен тарихи жетістікті сыйлады. Бұған дейін ересектер арасындағы әлем чемпионы атағын 1999 жылы Мхитар Манукян иеленген болатын. Осылайша, Айдос 2018 және 2022 жылдардағы қола жүлдесін алтынға алмастырып, өз мансабындағы ең биік белесті бағындырды.
Дегенмен дәл осы тұста Алматы спортшыларының жетістіктері де назардан тыс қалмауы тиіс. Мәселен, министрліктің марапаттау рәсімінде «Жылдың үздік спортшысы» атанған Алуа Балқыбекова бір жылдың ішінде екі мәрте әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы болып, Серік Сәпиевтің тарихи көрсеткішін қайталады.
Еркін күрестен 18 жастағы Едіге Қасымбектің жеңісі де ерекше атап өтуге лайық. Ол 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында аса ауыр салмақ – 125 келіде алтын медаль иеленді. Ол – тәуелсіздік алғалы бері жастар арасында осы салмақтағы алғашқы әлем чемпионы. Едіге Түркістан облысында дүниеге келгенімен, спорттық жолын Алматыда жалғастырып, бүгінде Республикалық спорт колледжінің намысын қорғап жүр.
Алматы биыл футболымен де жарқырады. «Қайрат» клубы тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, «Реал Мадрид», «Интер» секілді әлемдік грандтармен бір алаңда ойнады. Сонымен қатар «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасында екінші жыл қатарынан чемпион атанды.
Ал клуб академиясының түлегі Дастан Сәтпаевты лондондық «Челси» сатып алды. Ол 18 жасқа толған соң, яғни 2026 жылы «ақсүйектер» сапына қосылады.
Алматы қысқы спорт түрлерінде де қаражаяу емес. Наурыз айында АҚШ-тың Бостон қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында Михаил Шайдоров 287,47 ұпай жинап, күміс жүлдені еншіледі. Бұл – Қазақстан тарихындағы үшінші әлем чемпионатының медалі. Бұған дейін Денис Тен 2013 жылы – күміс, 2015 жылы қола жүлде алған болатын.
Оған қоса, Михаил жыл басында Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жетіп, 2015 жылы дәл осы турнирде топ жарған Денис Теннің жетістігін қайталады. Осы нәтиженің арқасында ол Олимпиада ойындарының жолдамасына ресми түрде қол жеткізіп, ақпанда Миландағы аламанда бақ сынайды.
Осы айтылғандардың бәрін таразыға салсақ, «Үздік спорттық өңір» номинациясын анықтауда ашықтық пен нақты критерийлердің жетіспей тұрғаны аңғарылады. Ел спортындағы әділдік тек татамиде немесе алаңда ғана емес, марапаттау жүйесінде де көрініс табуы тиіс. Сонда ғана мұндай атақтардың салмағы артып, қоғам сенімі нығая түспек.